Мемлекеттік сатып алудағы қитұрқылықтар әшкереленді
Бюжеттік мекемелердің басшылары мемлекеттік сатып алуға тапсырыс беру кезінде жанар-жағар май бағасын өсіріп көрсетуге әдеттеніп алған. Тағы бір парасы азық-түлікті асырылған бағамен алуды жоспарлаған. Қаржы полициясы дер кезінде араласып, 7 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Бұл жайттар бүгін осы департаментте өткен баспасөз мәслихатында жария етілді. Сатып алу байқауларында бензин бағасын шарықтатып көосеткен мекемелердің бірі - Қ.Жұбанов атындағы АМУ. Оқу орны басшылығы жанар-жағар майдың бір литрін 200 теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Бұл Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бекіткен бағадан 90 теңгеге артық. Қаржы полициясының есебінше, сөйтіп, университетке 705 мың теңге текке аударылатын еді. Сол сияқты, Мәртөк аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен дизельдік отынды литріне 134 теңгеден алуға тапсырыс жасалған. Оның нақты құны - 102 теңге. Бұл жағдайда мемлекетке келетін шығын 2,7 миллион теңгеден асады. Дәл осындай сорақылыққа Алға аудандық білім бөлімінде, Ойыл аудандық орман шаруашылығында, қалалық №1 емханада, Қобда аудандық әкімдігі мен Ұлттық банктің Ақтөбе облысындағы филиалында жол берілген. Ал, Хромтаудағы балабақшалардың бірінің жетекшісі мемлекеттік сатып алу байқауында бір түйір жұмыртқаны 250 теңге деп көрсеткен. Осылайша, 72 мың теңгеге келетін 4 мың дана жұмыртқаны ол алтынға пара-пар 1 миллион теңгеге бағалаған. Азық-түлікке асырылған бағамен тапсырыс жасау дерегі УКА 168/2 түзету мекемесінде де тіркелді. Қаржы полициясының қызметкерлері мұнда 860 мың теңгенің артық сұралғанын анықтады. Жалпы, сатып алу жоспарларына бақылау жүргізудің нәтижесінде 7 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Ал, тауар құны өсіріліп көрсетілген байқаулар бағалары қайта қаралсын деген шартпен кейінге қалдырылды. |
Количество показов: 2279
Дата создания: 12.09.2013 18:23:50