Мектептерді оқулықтармен қамтамасыз етуге облыс қазынасынан 140 млн. теңге бөлінді
Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Оқу жылы жақындаған сайын қала базарларындағы кітап саудасының да қыза түсетіні белгілі. Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше биыл бірқатар баспаларда кітаптардың құны да өткен жылмен салыстырғанда біршама қымбаттаған. Алдағы оқу жылында оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз етуге облыс қазынасынан биыл 140 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Аталған қаражатқа 25 мың данадан астам кітап сатып алынатын болады. Осыған орай облыстық білім басқармасы "Мектеп", "Атамұра" және "Алматы" кітап баспаларымен арнайы келісім шартқа отырған. Қазір кітаптарды қаламызға жеткізу жағы қарастырылуда. Өткен жылдың дәл осы мезгілінде қаламызда оқулықтарға қатысты шу шыққан болатын. Ол кезде Ақтөбеге әкелінген кітаптардың бір бөлігі қаладағы қоймалардың бірінде су астында қалған еді. Кейін облыстық білім басқармасы қыруар қаржыға келген кітаптардың құрдымға кетуіне кінәлі коммуналдық мекемені сотқа берді. Қазір сот шешімімен әлгі коммуналдық мекеме келген шығынды қайтаруда. Үстіміздегі жылы 2 және 9 сынып оқушыларына арналған кітаптар қайта шығатын болады. Сондай-ақ ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын оқу құралдарына тапсырыс та биыл басқа баспаға берілген. Осыған орай қазір мектеп мұғалімдері ата-аналардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әр мектепте оқу бағдарламасына сай қажетті кітаптардың тізімі ілінген. |
Количество показов: 1980
Дата создания: 05.08.2013 17:58:25