Мектеп жәрмеңкесі қызуда
Тура 10 күннен кейін оқушылар мектепке оралады. Балаларының сабаққа барар шағы жақындаған сайын ақтөбелік ата-аналардың қалтасымен бірге жүйкесі жұқаруда. Бір баланы бастан-аяқ киіндіріп, оқу құралдарымен толық қамту үшін кем дегенде 40 мың теңге керек. Орталық базар жанынан ашылған жайма-жәрмеңкелерде тауарлар анағұрлым арзан. Бағасын қолайлы көріп көпшілігі осында келеді. Сәндігүл Әбілқайырова үш ұлын ертіп, таңертеңнен мектеп киімдерін қарап жүр. Үшеуіне де костюм-шалбар, аяқ киім алу керек. Әділет, Тілекжан мен Әділжан алдымен спорттық киімдерді киіп көрді. Сабақ құралдарын сатып алу үшін Саға шиелі аулынан келген отбасы асығыс, бүгін елге қайтады. Жәрмеңкеде тауарға таңдау аз. Сапасы да күмәнді. Бірақ, бағасы көңілге қонымды. Мектеп формалары Бішкектен, сабақ құралдары Алматыдан әкелінген. Ең арзаны - 1 мың, қымбаты 6 мың теңге болатын мектеп сөмкесінің түр-түрі бар. Саудагерлер сабақ құралдары биыл қымбаттаған жоқ дейді. Қалам, дәптер, күнделіктер екі жыл бұрынғы құнмен сатылуда деп сендірді олар. Соның өзінде, өшіргіш, ұштағыш секілді ұсақ-түйектерді есептегенде, бір балаға 10 мың теңгеден көп қаражат жұмсалғалы тұр. Сонымен, бір оқушыны мектепке жинау үшін шамамен 35-40 мың теңге кетеді. Жиынтықта мектеп формасы, сөмке, спорттық және аяқ киім, кеңсе тауарлары ғана бар. Әлі оқулықтар сатып алу керек. Жанұяда бір емес, бірнеше оқушы болса, жағдай қиын. |
Количество показов: 2418
Дата создания: 21.08.2013 18:42:20