Мектеп жәрмеңкесі басталды
Қаладағы сауда нүктелерінде мектеп жәрмеңкесі басталды. Орталық базарда оқу құралдарының саудасы қызған. Оқушыға қажетті тауарлардың саналуан түрі самсап тұр. Тек сапасы күдік келтіреді. Саудагерлердің сөзінше, мектеп құралдары Алматы мен Ресейден әкелінген. Алматылық тауарлар әлбетте Қытайдың арзан дүниелері. Ресейдікі сапалы, сәйкесінше қымбат. 12 беттік оқушы дәптері 10-12 теңгеден, қалам 10-15, күнделік 80-200 теңге, түрлі-түсті қарындаштар 80-100 теңгеден сатылуда. Мектепалды даярлық тобына баратын балаларға арналған сауат ашу дәптерлері - бір данасы 500 теңге, жиынтығы - 1300 теңге. Қытайдан әкелінген оқушы сөмкелері - 1 мың теңгеден басталып, ең қымбаты -3 мың, 3 жарым мың теңгеге саудалануда. Мектеп формасының құны - 2 мың теңгеден басталады. Сатушылар мектеп жәрмеңкесі тамыздың 15-нен кейін қыза түседі деп отыр. Былтыр осындай кезде жергілікті билік оқушыларға мектеп тауарларын сәл де болса арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік жасаған еді. Саудагерлерге де, тұтынушыларға да тиімді жәрмеңкелер биыл да ұйымдастырылса, дейді сатушылар. |
Количество показов: 3229
Дата создания: 13.08.2012 18:40:19