Мектеп құрылысына бей-жай қараған шенеунік қызметінен босатылды
Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызған шенеунік қызметінен босатылды. Ойыл аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысына қатысты мұндай шешімді бүгін облыстық тәртіптік кеңес мүшелері қабылдады. Ол селолық округтердің бірінде мектептің құрылысы дер кезінде аяқталмай жатқандығы жөнінде тиісті орындарға хабарламаған. Ойыл аудандық прокуроры Сейілбек Байділдиннің айтуынша, Құмжарған ауылында мектеп құрылысын жүргізіп жатқан "ВАМЭК" ЖШС-нің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы екенін айтып, тиісті құрылыс-монтаж жұмыстарын белгіленген мерзімнен кешіктіріп жатқанын құзырлы орындарға хабарлап, сотқа арызданбаған. Осы әрекеті арқылы ойылдық шенеунік Мұқан Тілеубаев "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңының 12-ші бабының 1 тармағының 4-тармақшасын бұзған. Құмжарған ауылындағы 100 орындық орта мектептің құрылысы өткен жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс болатын. Алайда, Ойыл аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Мұқан Тілеубаевтың айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары әлі күнге жалғасып жатыр. Тәртіптік кеңес мүшелерінің мердігер компанияның білім беру ошағының сақалды құрылысқа айналдырып отырғанын айтып, неге сотқа шағымданбадыңыз деген сауалына шенеуніктің айтар өз уәжі бар екен. Мұқан Тілеубаевтың мәселесі тәртіптік кеңесте бұған дейін де қаралғанын айтқан тәртіптік кеңес төрағасы Нұрлан Сүйінбаев әріптестерімен Ойыл аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысын қызметінен босату керек деген ұсыныс айтты. Және бұл бірауыздан қолдау тапты. |
Количество показов: 2351
Дата создания: 31.07.2013 19:41:39