«Мега Ақтөбе» кешенінде мемлекеттік қызметтің бірнеше түрі көрсетіледі
«Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық кешенінде орналастырылған халыққа қызмет көрсету орталығы бұрышының қызмет аясы кеңейді. Бұрын пункт қызметкерлері тек электронды үкімет порталы туралы халықты ақпараттандыратын. Енді мұнда тұрғындарға электронды сандық қолтаңба беру, жылжымайтын мүлікті тіркеу секілді мемлекеттік қызметтің бірнеше түрі көрсетілетін болады. Балабақша, тұрғын үй кезектеріне тұру керек болса, мекен-жайы бойынша анықтама қажет болса, жылжымайтын мүліктің жоқтығын растайтын құжат талап етілсе, енді халыққа қызмет көрсету орталығына бару міндет емес. Бұл шаруалардың барлығын қазір орталықтың "Мега Ақтөбе" кешеніндегі бұрышында оп-оңай тындыруға болады, дейді халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Анар Тәңірбергенова. Зейнетақы аударымдары туралы анықтама да осы жерде беріледі. Жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл, көлік, мүлік, жер салықтарын төлеуге мүмкіндік бар. Пункт мамандары демалыссыз, үзіліссіз таңғы сағат 10-нан түнгі сағат 10-ға дейін жұмыс жасайды. Құжат қабылдап, кеңес береді. Шағын пункт жұмыс жасаған үш айдың ішінде мамандар 3 мыңға тарта тұрғынға қызмет көрсеткен. Мұндай бұрыштар қазір БТА және Альянс банктерінде, сондай-ақ, облыстық жол полициясы және қалалық салық басқармаларында қызмет етіп жатыр. Қосымша пункттің басты артықшылығы - мұнда кезек жоқ. Ескеретін жайт, бұл бұрышта жеке куәлік пен төлқұжатқа өтініш қабылданбайды, әрі берілмейді де. Сондай-ақ, азаматтарды тіркеуге алу қызметі де көрсетілмейді. |
Количество показов: 2161
Дата создания: 09.04.2013 19:07:10