Маусымдық екпеден бас тарту - денсаулыққа қауіп
Ақтөбеде баласына вакцина ектіруге үзілді-кесілді қарсы отбасылар көбейіп барады. Ал маусымдық екпе жасатпаған баланың ағзасы түрлі ауруларға бейім болады. Вирусты инфекцияларды тез қабылдайды. Бүгін облыстық отбасын жоспарлау орталығында дәрігерлер жүкті әйелдерге осыны түсіндірді. Ата-аналардан балаларына вакцинаны уақытында жасатуды өтінді. Алғашқы вакциналар балаға дүниеге келген сәтінде перзентханада жасалады. Бұлар - туберкулез бен В гепатитіне қарсы екпелер. Дәрігерлердің айтуынша, сәби бір жасқа толғанша тоғыз түрлі инфекцияға қарсы вакцина алуы тиіс. Ал жалпы біздің елде тұрғындарға 17 жұқпаға қарсы вакцина тегін егіледі. Туберкулез, полиомелит, вирусты гепатит, қызамық, қызылша секілді басқа да дерттердің алдын алатын бұл екпелер міндетті түрде қабылдануы керек. Ақтөбеліктер денсаулықтарына алаңдаса, вакциналарды еш қарсылық танытпай ектіргендері жөн. Қайсыбір дерттен құтқаратын вакциналар бізге шетелден әкелінеді. Әрбір құты зертханада мұқият клиникалық бақылаудан өтеді. Тіркеледі. Сондықтан, екпелердің сапасына күмән болмасын,- дейді мамандар. Қазанның бірінде елде маусымдық тұмауға қарсы жаппай иммундау айлығы басталады. Вакциналар ең алдымен балалар мен жүкті әйелдерге егіледі. |
Количество показов: 2620
Дата создания: 14.09.2012 18:57:22