Матросов көшесіндегі астыртын самса цехы жабылады
Матросов көшесі, №25 үйдің бірінші қабатында самса пісіретін цех жұмыс жасайды. Самсахананың қызмет етуіне осы үйде тұратын халық наразы. Тұрғындар самса қуырылатын майдың сасық иісіне әбден тойып болдық дейді. Сорақысы сол - цех бүгінге дейін санитар-мамандардың рұқсатынсыз қызмет етіп келген. Самса цехы Матросов көшесіндегі мына тоғыз қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Астыртын наубайхананың ішіне кіру мүмкін болмады. Есігі тас бекітулі. Ал терезелері ашық болғанымен, тіршілік белгісі байқалмайды. Зейнеп Есмаханова самса цехының үстінде, үшінші қабатта тұрады. Айтуынша, жан баласы ұйқыға жатқан кезде цехтағылар самса пісіруге кіріседі. Күйген май, шіріген еттің иісі, тарсыл-гүрсіл осы кезде басталады. Көпшіліктің айтуынша, астыртын цех әуелі дүкен, кейін наубайхана болған. Қазір самса дайындалатын жер. Әрі жанында сыра кафесі бар. Өтпей қалып, бұзылған самсаларды цехтың қожайыны қапшықтап әкеліп осы үйдің қоқыс жәшіктеріне төгеді екен. Шіріген самсаның иісі төңірекке таралып, тыныстау қиындайды. Берекеті жоқ үйдің тұрғындары біртіндеп пәтерлерін сатып, көшіп кетіп жатыр. Ашынған халық бірнеше мәрте ескерту жасап, цех қожайынына барған. Ол құжаттарым түгел деп тұрғындарды шығарып жіберген. Мәселе әкімдікке, полиция қызметкерлері мен санитар мамандарға айтылды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім бастығы Гүлбану Дәулетова тұрғын үйлердің бірінші қабатында цехтың орналасуы заңды дейді. Бірақ, дәл осы самса цехына қызмет етуге рұқсат берілмеген болып шықты. Рұқсатсыз кәсіп жүргізген қожайынға осы әрекеті үшін санитар-эпидемиологтар 34 мың 620 теңге айыппұл салды. Цех басшысы енді қадағалаушылармен сотта кездеседі. |
Количество показов: 2267
Дата создания: 24.07.2013 17:58:25