Мал базарында сауда қызып тұр
Үш күннен кейін қасиетті Құрбан айт басталады. Мереке қарсаңында мал базарында сауда қызып тұр. Мал саудалаушылардың қатары екі есеге артқан. Базарда қойдың бағасы 14 мыңнан 60 мыңға дейінгі аралықта. Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында мал базарын аралап жүргендер қатары бүгін тым көп. Саудагерлер жексенбі мен дүйсенбіде бұдан да көп қой сатамыз деп дәмеленіп отыр. Сатып алушылар қой таңдауда аса талғампаз. Біріне-малдың жасы маңызды болса, екіншісі- қазақы құйрықты қойдан бас тартып, бүкіл сүбесін қабырғасына жинайтын цигай қойларын іздеп әуре. Базардағылар биылғы Құрбан айт берекелі күз айына тұспа-тұс келіп малдың бәрі семіз деп разы. Әйтсе де қойдың бағасы жылдағыдан қымбат емес, 14 мыңнан 60 мыңға дейін таңдап алуға болады. Керек десеңіз қойды қырқып, қажет болса тұтынушыларға жүнін салып береді. Мал базарындағы саудагерлердің айтуынша, биыл түйеге сұраныс мүлде жоқ. Әдеттегідей қой өтімді. Қойлар жақын маңдағы елдімекендер мен Ойыл ауданынан көп жеткізілген. Құрбандыққа шалынатын малдың он екі мүшесі сау болуы шарт. Сондықтан ауру, соқыр, ақсақ, көтерем, шұнақ, құлағы не құйрығының үштен бірі кесілген мал жарамайды. Құрбан толықтай қабыл болуы үшін малдың жеуге жарамды болған ағзасы күл-қоқысқа тасталмауы керек. Терісі садақа ретінде берілуі тиіс. Құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж жандарға, екінші бөлігін туған-туыстарға, көршілерге, қалған бөлігін үйде қалдыруға болады. Болмаса алыс-жақындарға таратуға рұқсат етіледі. Шалынған малдың бас- сирағы мен ішек-қарынын ысырап етпей, мұқтаж жандарға берген абзал. Айта кетелік, құрбандық шалу алдағы сейсенбі күні айт намазы оқылғаннан кейін басталып, "ташриқ" күндерінің үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Ең бастысы құрбан шалуға жақсы ниетпен, таза киініп бару абзал. |
Количество показов: 3951
Дата создания: 12.10.2013 19:28:43