Максим Туман қарқынды емдеу палатасына ауыстырылмақшы
"Шағала" бассейнінде жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен бала Максим Туман келесі аптада қарқынды емдеу бөлімшесіне ауыстырылуы мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, науқас үш аптадан бері өздігінен тыныс алуда. Сондықтан, жансақтау бөлімінің көмегіне мұқтаж емес. Максим Туманның ауыр жағдайда ауруханада жатқанына бүгін 26-шы күн. Баласының амандығын жаратқаннан жалбарынып сұраудан басқа шарасы қалмаған Наталья Туман бүгін жыларман халде тағы да редакциямызға келді. Дәрігерлер Максимның анасына балаңның миы өлген, ешқандай емнің ендігі қажеті жоқ деген. Алайда, Наталья бұған сенбейді. Көз алдында қолын қозғалтып, көз жасын шығарған ұлы оның үміт отын қайта жаққан. Облыстық жедел жәрдем ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Наталья Смоленкова жеткіншектің жағдайы үш аптадан бері өзгерссіз деді. Бірнеше рет жасалған томографиялық түсірілімдер барысында дәрігерлер баланың басында ісік, сынық және жарақаттардың жоқтығына көз жеткізген. Дегенмен, Максим Туман әлі де есін жиған жоқ. Аппараттың көмегінсіз тыныс алып жатқан баланы дәрігерлер қарқынды емдеу бөлімшесіне ауыстыру керек деп шешіп отыр. Қарқынды ем палатасында Максим қалпына келу емін қабылдайды. Дәрігерлер Максимның қалыпқа келу терапиясы ұзақ уақытқа созылатындығын жоққа шығармайды. Бірақ, жас ағза ауруды жеңіп шығуы да әбден мүмкін. Бір айлық терапиядан соң, денсаулық жағдайына қарамастан жеткіншек үйіне жіберіледі. |
Количество показов: 2142
Дата создания: 15.11.2012 18:55:37