Махамбет, ВОХР ауылдарынан қоқыс алынбай жатыр
Қала іргесіндегі ВОХР аталып кеткен ауыл өткен ғасырдың қырқыншы жылдары әскерилер үшін тұрғызылған. Мұнда қазір үш жүзден аса шаңырақ түтін түтетіп отыр. Бұл ауылдың тұрғындары көктем шыға, әкімдік жағалап, ала шапқын болады. Өйткені, дәл осы уақыттан жұртшылық қауіптенеді. Биыл да тасқынның алдын алу үшін жұртшылық қажетті жерлерге хабарласып, ерте қамданып отыр. ВОХР ауылының дәл түбінде қос бірдей зауыт тұр. Сол себепті, санитарлық талапқа сәйкес ол аймақта адам тұруға болмайды. Бұл жағдаймен жұртшылық бұрыннан таныс. Көшемін дейтіндерге әкімдіктегілер қаланың өзге аудандарынан тегін жер ұсынған. Бірақ бұған вохрлықтардың көнгісі жоқ. Өйткені жер учаскесін алғанымен, жаңадан баспана тұрғызуға көбісінің қалтасы көтермейді. Сондықтан мұндағы жер дауы бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Сонымен бірге, ВОХР мен іргелес Махамбет ауылы тұрғындарын қинайтын тағы бір мәселе бар. Ауылдардан қоқыс айлап алынбайды.Қос ауылға "Ақжол ЛТД" ЖШС-гі қызмет етеді. Ауылдықтар тұрмыстық қалдықтар үшін мекемеге адам басына 105 теңгеден қызмет ақысын төлейді. Қоқыс алу уақытына қатысты олар серіктестік басшылығымен оңтайлы шешімге келе алмаған. Сондықтан мекеме үстінен құзырлы органдарға жазбаша түрде шағым түсірген.
Количество показов: 667
Дата создания: 08.04.2021 18:15:55