Мақсатсыз пайдаланған жерлер мемлекетке қайтарылады
Жер телімінен үмітті ақтөбеліктердің сұранысы қаланың Бас жоспары бекітілген соң қанағаттандырылады. Кезекте тұрғандар қатары 80 мыңнан асады. Ал өз үлесіне қол жеткізіп, берілген аумақты мақсатсыз пайдаланып жүргендер жауапсыз қалмайды. Былтырдан бері мемлекет тарапынан үлестірілген жер телімдерінің жағдайы басты назарда келеді. Ақтөбе аумағында 61 мың 491 гектар жер 163 шаруа қожалығына тиесілі. Алайда түгендеу жұмыстарының нәтижесі көңіл көншітпейді. Өткен жылы 1248 аумаққа қол жеткізген 19 шаруа қожалығы өз жерлерін мақсатсыз пайдаланған. Сондықтан иесіз деп танылып, жер қоры есебіне қайта алынды. Жер инспекциясы тексеру барысында жер телімдерін мақсатсыз пайдаланған тұрғындарға бір жыл уақыт береді. Осы мерзім ішінде бау - бақша ұжымында көкөніс егіліп, ауыл шаруашылық саласындағы жерлерге егін салынбаса, жеке тұрғын үйлер құрылысы басталмаса істі сот шешеді. Жағдайдың себебін анықтай отырып шешім шығарады. Дерекке сүйенсек, бау - бақша ұжымдарынан 600-ден аса жер учаскесін алған ақтөбеліктер осы уақытқа дейін әрекетсіз отырған. Бұйырғанын игілігіне жарата алмағандар жауапсыз қалмайды. Ал жер кезегінде тұрған 80 мыңнан астам адам өздерінің тіркелген мерзімі туралы ақпаратты жуырда алуы мүмкін. Қаланың Бас жоспары бекітілген соң 2009 жылы жерге жарияланған мораторий мерзімі де аяқталады. Мамандар Бас жоспарды күтпей, жер телімінің қай аумақтан берілетіндігі туралы ақпарат тарата алмаймыз деген пікірде. |
Количество показов: 2070
Дата создания: 25.06.2013 18:59:48