Мүгедектер тізгіндеген көлік шеруі өтті
«Бәріміз-бірдейміз, кемсітуді білмейміз» республикалық фестивалі аясында өткізіліп жатқан шаралар жалғасып жатыр. Бүгін "Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау орталығы" қоғамдық бірлестігі мен қаламыздағы автомектептердің бірі автошеру өткізді. Арбаға таңылған азаматтар тізгіндеген көліктер қала көшелерімен жүріп өтті. Темірбек Матаев- "Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау орталығы" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған барлық шараларға белсене қатысады. Көлікті жүргізгеніне - биыл алтыншы жыл. Жүргізушілерді жол ережесі тәртібін сақтауға үндейді. Ал автошерулер мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да темір тұлпарды тізгіндей алатынын көрсетеді дейді ол. Темірбек бұған дейін де бірнеше шеруге қатысқан. Қоғамдық бірлестіктің көлік жүргізуді оқыту орталығымен бірлесе ұйымдастырған бүгінгі акциясының әлеуметтік жағы бар. "Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз" республикалық фестивалі аясында өткізіліп жатқан шараға облыстық ІІД ЖПБ-ның өкілдері де қатысып, жол ережесін бұзбай, көпке үлгі болған көлік жүргізушілеріне алғыс хаттар табыстады. ҚР Конституциясы күні қарсаңында өткізілген шараның мақсаты- жолда жүру ережесін сақтауды насихаттау. "Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменованың айтуынша азаматтардың арбаға таңылуы көп жағдайда көлік апаттарының кесірінен болады. Сондықтан ол жолдағы қауіпсіздікті сақтау- әрбір жүргізушінің міндеті деген пікірде. Мереке қарсаңында орталық өздеріне сый жасап, су жаңа "Инватакси" сатып алды. Қоғам мүшелері облыс аумағында өткізілген автошерудің белсенді қатысушылары. Алыс жолға да шығып жүр. Биыл Ақтөбе-Қостанай-Астана, Ақтөбе-Атырау автошерулеріне қатысқан. Бүгін 12 көліктен тұратын экипаж қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. |
Количество показов: 1849
Дата создания: 28.08.2013 18:40:14