Мүгедектер 20 күннен бері сыртқа шыға алмай отыр
Тізеден төмен қарай аяғы жоқ Владимир Ивашев лифт істен шыққалы бері бесінші қабатқа өз күшімен көтеріліп-түседі. Үш баланың әкесі аяғы жоқтығын біреуге міндет қылған емес. Дегенмен, оның айтуынша, жұмысқа барып немесе көршілермен шүйіркелесу үшін сыртқа шығу қиынның қиыны.
Маресьев көшесіндегі бұл үйдің тұрғындарының 70 пайыздан астамы мүгедектер. Осыдан 8 жыл бұрын 33 пәтерлі тұрғын үй тек мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін салынып, берілген болатын. Алайда, түрлі жағдайларға байланысты кейбір пәтерлер босап, орындарына дені сау қала тұрғындары көшіп келген. Мүгедек көршілеріне жандары ашыған олар лифттің бұзылуына төбеден аққан су себеп деп отыр. Себебі, өткен жылы тұрғын үйдің төбе жабындысы ашылып, жаңбыр суы 9-қабаттан, 7-қабатқа дейін шайып кеткен. Төбедегі кілкіген суды тұрғындар тай-тұяғына дейін қалмай өздері сыртқа шығарған.
Кезінде барлық жағдай мүгедектер үшін жасалған үй "Табыс Ақтөбе" ЖШС-не қараған. Өткен жылдан бастап "Табыс Ақтөбе" басқарма компаниясы деген атпен өзгеге ауыстырылыпты. Бұдан тіпті тұрғындардың өздері бейхабар. Соңғы пәтер иелері кооперативіне ауысқаннан кейін жағдайымыз мүлде қиындап кетті деген тұрғындар алғашқысын қайтаруды сұрайды. Болмаса төленген ақшаларға төбемізді жауып, лифтімізді іске қоссын дейді. "Табыс-Ақтөбе" басқарма компаниясы пәтер иелері кооперативі тұрғын үйдің бірінші қабатындағы қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының маңында орналасқан. Алайда, кеңседен шығып, мән-жайды түсіндірген жан болмады.
Мүгедектердің 40 градустық ыстықтағы адам төзгісіз жағдайын айтып қалалық тұрғын үй инспекциясына да хабарластық. Мемлекеттік тілде жауап беруден бас тартқан қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Талғат Өтепов бүгін тұрғындармен жиналыс өткізетіндігін жеткізді. Барлық мәселе сол жерде талқыланатын болады.
Бірақ, шенеунік жиналысты қайда өткізетінін ашып айтпады. Жерге түсе алмай отырған тұрғындардың жиналысқа қалай қатысатыны белгісіз.
Количество показов: 1618
Дата создания: 08.08.2016 20:00:51