Мүгедек қыз биліктен көмек сұрайды
Тумысынан мүгедек Жанар Есетова билік басындағылардан баспана мәселесін шешуді сұрайды. Қазір тұрғын үй кезегінде 291-ші болып тұр. Алайда, тұрмыстық жағдайының мүшкілдігінен тағдыр тауқыметін тартып отырған бойжеткеннің сарыла күтуге шамасы жоқ. 1-топтағы мүгедек Жанар Есетованың күнделікті тірлігі -осы. Тумысынан ми-жұлын жарығына шалдыққан бойжеткеннің үйдің ішінде өз еркімен жорғалап жүруге ғана шамасы келеді. Артық қимылдасам, аяғыма күш түседі, абайсызда шойрылып, жарақаттап алдым, дейді Жанар. Дертінің жанына батқанына қарамастан, Жанар баспана мәселесін шешу үшін тиісті мекемелердің есігін қағумен жүр. 2009 жылы анасының көзі тірісінде "Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар" ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Одан бері төрт жыл өтті. Кезек баяу жылжып жатыр. Қазір 291 болып тұр. Денім сау болса кезекті күтер едім, бірақ, аядай бөлмеде тұру, жағдайдың жоқтығы жаныма батады деп көзіне жас алады бойжеткен. Он шаршы метрлік мына аядай екі бөлме 6 адамға баспана болып отыр. Жанар қазір екі ағасымен, солардың отбасымен тұрып жатыр. Демеу болар ағаларының тұрақты жұмысы жоқ. Мүгедек қыздың мектеп бітіргеннен кейін оқысам деген арманына қолдың қысқалығы кедергі келтірді. Толық медициналық тексеруден өтіп, жыл сайын болмағанымен, мүмкіндігінше санаторийлерде ем алуға тағы да қалада тіркеуде жоқтығы тосқауыл болып келеді. Алатын жәрдемақысы жөргектерден ауыспайды. Жанардың жағдайынан қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторындағылар хабардар. ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңында тұрғын үйге мұқтаж азаматқа денсаулығы, жасы, ауыр тұрғын үй жағдайларын ескеріп кезектен тыс баспана беру жағдайы қарастырылмаған. Ал Жанар Есетова болса, баспаналы болудан үмітін үзбейді. |
Количество показов: 1897
Дата создания: 07.08.2013 18:52:20