Мүгедек Светлана Бухарова пандусқа қатысты сот процессінде жеңіске жетті
1-топтағы мүгедек Светлана Бухарова сотта өзінің азаматтық құқығын қорғап қалды. Қалалық сот бесінші қабатта тұратын тұрғынның жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін үй подъезіне пандус салу керек деп шешім шығарған. Алайда, қалалық әкімдіктен мүмкіндігі шектеулі жанның талабын орындау мүмкін емес деген жауапхат келді. Светлана Бухарованың үйқамақта отырғанына екінші жылдан асты. Қанында қант мөлшері төмендеп, есінен танып құлаған бойжеткен бір ай комада жатты. Ем-домы аяқталған соң, үйіне оралды мүгедек болып. Сырқаттан мидың тірек-буын қозғалысына жауапты клеткалары өліп қалған. Аяғын қозғалтып, ауруды сезінгенімен 28 жастағы Светлана өздігінен жүре алмайды. Арбаға таңылған арудың бар ермегі - кітап оқу. Пандус қарастырылмаған үйде жоғарғы қабаттан мініп-түсу қиын болған соң, Светлана сотқа шағымданды. Қалалық сот шешімді мүмкіндігі шектеулі жанның пайдасына шығарды. Бірақ, осыдан 30 жыл бұрын салынған тұрғын үйдің баспалдақ алаңында пандус салатын орын жоқ. Дегенмен, мамандар бұндай жағдайда жиналмалы пандус жасауға болатындығын айтқан. Сырт әлемнен қол үзген Светлана сонда да әкімдікке сеніп отыр. Ол қалайда жарық күнді көріп, мүгедек-арбасында отырып та, таза ауада қыдыратынынан үмітті. |
Количество показов: 2531
Дата создания: 06.09.2012 11:07:38