Мүгедек-кәсіпкерлерге 150 000 теңгелік гранттар табысталды
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ-ның жергілікті филиалында бүгін екі мүгедек-кәсіпкерге 150 мың теңге көлемінде грант табысталды. Ақшалай қолдау "Жұлдыздарға қара" атты қайырымдылық жобасы шеңберінде жасалып отыр. 150 мың теңгелік гранттар иелеріне ақшалай емес, заттай табысталды. Бұл бұйымдар байқау жеңімпаздарының өз кәсібін кеңейтуіне қажет. Максим Бектұрғанов Байғанин ауданының тұрғыны. 1-ші топтағы мүгедек. Былтыр "Жұлдыздарға қара" қайырымдылық жобасына қатысып, 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды. Қаражатқа ол фото қызметтерін көрсету үшін жабдықтар сатып алған. Бизнесін тиімді жүргізе білген Максим Бектұрғановқа бұл жолы жүйелік блок, жады картасы және кәсіби сандық фотоаппарат берілді. Ал қала тұрғыны Шынар Темірәлина тігін шеберханасының қызметін кеңейтуге мүмкіндік алды. Шынар Темірәлина жеке кәсіпкер атанып, 3 адамға жұмыс беріп отыр. Жалғызбасты ана мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекке ғана арқа сүйемей, денсаулығының нашарлығына қарамастан қаладағы оқу орындарының бірінде зертханашы жұмысын да бірге атқарып жүр. "Жұлдыздарға қара" мүгедек-кәсіпкерлерді қолдау жобасын "Құс Жолы" қайырымдылық қоры, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ мен "Қазкоммерцбанк" бірлесе жүзеге асырған. |
Количество показов: 2037
Дата создания: 30.04.2013 18:14:37