Мүгедек балаларға емдік көмек беретін жеке медициналық мекеме жабылатын болды
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жан - жақты көмек бере алатын жеке медициналық мекеменің тағдыры қыл үстінде. Сәуір айында ғана құрылған қоғамдық бірлестіктің жұмысына не кедергі? Мүгедек нәресте күтімімен отырған ата-аналар "Жайна" жеке меншік мекемесінде жұмыс жасайтын әлеуметтік көмекшілердің қолқайырымы мол, жасаған емдері шипалы деп отыр. Алайда мемлекеттік тендерді ұтқан бұл мекеменің жұмысы ұзаққа бармайтын түрі бар. "Жайна" медициналық мекемесінің құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Тендерден ұтқан 10 млн теңгеден астам қаржы тиесілі мекеме сәуірден бастап өз жұмыстарына кірісіп кеткен. Қарамағында 21 маман. Медициналық білімі бар әлеуметтік көмекшілер Данияр сынды бірнеше нәрестенің үйіне барып, ата - аналарына психологиялық көмек көрсетеді. Ал науқас сәбилерді сылап -сипап, нүктелі массаж арқылы біртіндеп қалыпқа келтіруге барынша тырысуда. "Жайна" жеке медициналық мекемесі талапқа сай жарты жылдай мүмкіндігі шектеулі ақтөбеліктерге тегін көмек көрсетуі тиіс болатын. Бірақ, қызметтерін тоқтату туралы келген хаттамадан соң мекеме өкілдері абдырап қалды. Мүгедек жандар мен науқас балаларды бағып- қағып отырған ата - аналардың сенімінен аттап, жар жолда жұмысты тоқтатуға жүректері бармайды. Екі көпірдің ортасында қалғандай күй кешіп отыр. Әлеуметтік көмекшілерге құзырлы органдар жағдайдың себебін түсіндіріп жатқан жоқ. Тендерді ұйымдастырған "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" ММ - нің өкілдері біріне-бірі сілтеп, жауаптан бастарын ала қашты. Тағдыр тәлкегіне түскен нәрестелердің көз жасы, ата - аналардың үміті оларды ойландырар емес. |
Количество показов: 2838
Дата создания: 20.05.2013 19:46:35