Мүгедек адамдарға жұмыс табу қиын
Ринат Ибрагимов - 52 жаста. 15 жыл бұрын екі рет инсульт алған. Мүмкіндігі шектеулі. Мамандығы - мұнайшы. Алайда, мамандығы бойынша жұмыс жасап көрмеген. Отан алдындағы борышын өтеп келіп, күзетші болған. Жігіт ағасы екі қолға бір күрек таппай отыр. 3-топ мүгедектігі үшін төленетін жәрдемақымен күн көреді. Қазір тауып отырған нәпақасы да, баспанасы да жоқ. Ринат анасы, бауырымен бірге тұрады. Масыл болғым келмейді дейді. Анасының да мүмкіндігі шектеулі. Екеуі де есепке алынған. Баспана кезегіне тұру үшін әкімдікке де барған. Алайда, 3-топ мүгедектігімен кезекке тұрғызу заңда жоқ деп шығарып салған. Дегенмен, биыл 25-мамырдан бастап елде тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі өзгереді. Жаңа ережелерге сәйкес, үй кезегіне тұру үшін белгілі бір әлеуметтік осал топтарға жату немесе бюджеттік салада жұмыс істеу талабы алынып тасталады. Енді кезекке барлық қазақстандықтар тұра алады. Оның ішінде 3-топ мүгедектері де бар. Ал, қазір шаһарда тұрғын үй кезегінде 24 мыңнан астам адам тұр. Қалалық "Мансап" орталығының мамандары Ринат Ибрагимовты өздеріне шақырды. Денсаулығына байланысты жеңіл жұмыс табуға көмектесетіндерін жеткізді. Тағы да атап өтейік, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі сәуірде өтеді.Количество показов: 152
Дата создания: 26.02.2025 08:07:09