Әлия Молдағұлованың сүйегі қайда жатыр?
Әлияның сүйегі жоқ деген шулы әңгімеге қашан нүкте қойылады? Қаһарман қыздың 70 жыл бұрын жер қойнына берілген денесі туған жеріне оралуы мүмкін бе? Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі туралы қырық жылдан бері зерттеп, бірнеше кітапты жарыққа шығарған тарихшы Ғалымжан Байдербес бүгін Әлияның Псков облысы Монаково ауылындағы бауырластар зиратына жерленгеніне дәлел болатын мұрағаттан табылған тағы бір құжатты алға тартты. "Батырдың батырдан артықшылығы жоқ. Тек біреуінің іздеушісі бар, біреуінің іздеушісі болмайды". Бұл әлиятанушы Ғалымжан Байдербестің пікірі. Ал Әлия Молдағұлованың іздеушісі өзі. Қырық жыл ғұмырын Әлияның өмірін зерттеуге арнаған тарихшы қаһарман қызға қатысты қандай да бір теріс ақпаратты жаны ауыра қабылдайды. Бүгін ол біздің редакциямызға мұрағаттан табылған мына бір құжатты ала келді. Бұл кезінде Дінмұхаммед Қонавтың өзі Әлияның мүрдесіне қатысты мән-жайды анықтамақ болғанда, Мәскеуден жеткен хаттың көшірмесі. Ертең "Боевое братство" ұйымының іздеушілері Псковқа жол тартады. Мақсаттары Әлияның сүйегінің қалдықтарын тауып, қайта жерлеу. Әлиятанушы Ғалымжан Байдербес осы сапар шулы әңгімеге нүкте қояр деген үмітте. Әлияның сүйегі жоқ екен деген әңгіме іздеуші жасақтардың өздеріне көңіл аударту үшін жалаулатып, айқайлатып, ақыр соңы саясиландырып жіберген қауесеті емес пе? Тіпті Әлияның жерленген жерінен қате кетсе де, 19 жасында Кеңес Одағының батыры атанған апамыздың сүйегі сол Псков жерінде жатқаны жалған ба? Бір жоқты, бір жоқ табады демекші, мүмкін іздеуші жасақ құрамындағылар Әлияның сүйегін іздеп жүріп, өзге қазақ жауынгерлерінің қалдықтарын, жеке заттарын ұшырастырып қалар. Енді іздеуші топтың Ақтөбеге оралғанын күтіп, жеткізер ақжолтай хабарына құлақ түрмекпіз. |
Количество показов: 2363
Дата создания: 02.08.2013 18:52:06