Лаңкестік жайында жалған ақпарат бергендердің жазасы қатаң
Жыл басынан бері облыста жарылғыш зат қойылғандығы жөнінде жалған ақпарат берген тоғыз адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Төртеуі сотталды, бесеуіне қатысты іс қаралып жатыр. Бүгін қалалық әкімдікте облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың төрағалық етуімен үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда жалған лаңкестік актілері және олардың алдын-алу шаралары талқыланды. "Жарғыштар" жиі жаратын ғимарат - "Мега Ақтөбе" сауда ойын-сауық кешені. Осы жыл басталғалы бұзақылар оны төрт рет "жарған". Теміржол вокзалына үш рет өтірік "бомба" қойылды. Саперлар мемлекеттік мекемелерде - 2, әуежайда - 1, Хромтау қаласындағы орталық алаңда бір рет жарылғыш зат іздеді. Облыстық ІІД экстремизм және терроризмге қарсы күрес басқармасы мамандарының талдауы көрсеткендей, лаңкестік туралы жалған хабар көбіне жеткіншектерден түседі.
Бомба орнаттым деп қызық үшін телефон шалған бұзақының ешбірі жазасыз қалған жоқ. Сотталды. Биылдан бастап қылмыстың бұл түрі ауыр қылмыстар санатына қосылып, жазасы қатаңдатылды. Үйлестіру кеңесінің бүгінгі отырысында облыстың прокуроры Нұрғалым Әбдіров халық арасында экстремизм туралы, осы қылмыс үшін жауаптылықтың қатаң болатындығы туралы кең көлемде түсіндіру керек деді. Оның есептеуінше, жалған лаңкестікпен күресті бастауыш сынып оқушыларынан бастап насихаттау қажет. Оған мұғалімдер, мектеп инспекторлары, кез-келген мекеменің басшылары - бірі қалмай атсалысқаны жөн.
|
Количество показов: 1885
Дата создания: 27.09.2013 18:59:11