L-39 оқу-жаттығу ұшағы құлап, экипаж мүшелері қайтыс болды
Кеше кешкі сағат жетілер шамасында оқу-жаттығудан қайтқан Л-39 ұшағы қону алаңына қарай бет алғанда құлап түсті. Экипаждан тірі қалғандар жоқ. Ұшақ- Талғат Бигельдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына тиесілі. Штурвалда - курсант болған. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр. Апат- Ақтөбе халықаралық әуежайы маңындағы әскери институттың оқу-жаттығу аэродромында болған. Ұшақтың құлау себептері әлі анықталып жатыр. Сол сәтте халықаралық әуежайда болғандар ұшақтың әуеде екі рет айналып барып, ұшу алаңындағы сызықтан ауытқып, іргесіндегі қоймаға барып соққанын айтуда. Т.Бигельдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институты басшылығының мәлімдеуінше, ұшқыш қонудың осы тәсілін қолдану арқылы жолаушылар ұшағымен соқтығысып қалудан қашқан. Әскери институттағылар құлаған Л-39-ға шаң жуытпай отыр. Техникалық ақауы болмаған. Ұшпас бұрын толық тексеруден өткен дейді Қасымбек Кенжебаев. 8 ұшақ қаламызға осыдан 1,5 жыл бұрын әкелінген. Бұған дейін болашақ ұшқыштар әуеде қалықтауға Балқаштағы әскери бөлімнің базасында машықтанатын. Екі орындықты Л-39 курсанттардың кез-келген ауа райы жағдайында ұшуды үйренуіне арналған. Аеро Л-39 Альбатрос лайнерлері 1971 жылы Чехославакияда шығарылған. Оқу-жаттығу ұшағын негізінен бұрынғы кеңестік мемлекеттер пайдаланады. Алдыңғы кабинада - курсант, артында - әдіскер отырады. Кеше штурвалда болған 20 жастағы курсант Арман Массалимов пен ұшу кезіндегі қауіпсіздік қызметінің әдіскер-инспекторы Евгений Виссарионов оқиға орнында қаза болды. Арман Массалимов- жиырмаға жақында ғана толған. Астананың тумасы. Екінші курстың курсанты. Отбасындағы жалғыз ұл. Ата-анасы мен апасы -барлығы да әуе саласының мамандары көрінеді. Институттағылар әдіскер-инспектордың өте тәжірибелі маман болғандығын айтады, әуеде 1600 сағаттан астам ұшу өткізген. Марқұмдардың денелері туған жерлері Астана мен Бурабайға жеткізіледі. Ұшақтың құлауына байланысты ҚР ҚК-нің "Ұшу және оған даярлық ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Апат кезінде экипаждағылар өмірін сақтап қалу үшін әрекеттенген деген алдын-ала болжамдар айтылуда. Ұшақтың қоймаға қатты жылдамдықпен келіп соққандығы сонша, сау-тамтығы қалмаған. Бірақ, не жарылып, не өртенбеген. Қайта жөндеуге келмейді дейді мамандар. Борттың жазып алу құрылғысы табылды. Қазір оны арнайы комиссия тексеріп жатыр. Құрамында ІІМ әскери тергеу басқармасы тергеу комитетінің тергеушілері, ұшу қауіпсіздігін қадағалау мемлекеттік авиация басқармасының өкілдері бар. |
Количество показов: 2358
Дата создания: 18.07.2013 19:08:58