Красногор көшесіндегі үйдің балконы құлағалы тұр
Қаламызда қыруар қаржыны қалтасына басып, халықты қанауды әдетке айналдырған пәтер иелері кооперативтері азаймай тұр. Олардың қатарында сапалы қызмет көрсету былай тұрсын, жұртшылықтың алдындағы жауапкершіліктен қашып, жылдар бойы төбе көрсетпей жүргендері де жетерлік. Дәл осындай жағдай Красногор көшесінің бойындағы көп қабатты үйлердің бірінде орын алды. Қыс болса мардымды жылуға жарымайды, жаз шықса пәтерлері шұрық тесік шатырдан аққан жаңбыр суынан арылмайды. Салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де бұл үйге әлі күнге дейін жөні түзу жөндеу жүргізілмепті. Ал үйдің жағдайына жауапты «Жөндеу» пәтер иелері кооперативі болса әлі күнге дейін атына заты сай бір де бір іс тындырмаған. Тұрғындар осыдан бірнеше жыл бұрын үйдің шатырын жөндеуге қаражат жинапты. Алайда жиналған қаржы үйдің төбесін жабатын қара қағазға да жетпеген. Оның үстіне үй тұрғындарының жартысынан астамы күрделі жөндеу былай тұрсын, дәрі-дәрмек алуға дәрменсіз зейнеткерлер. Тұрғындардың ендігі бар үміті мемлекеттік бағдарламада. Қабырғасы қаусап, төбесі тесіліп тұрған бұл үйге терможаңғырту жүргізілсе дейді. Осы мәселеге қатысты олар билік өкілдеріне де барған. Алайда атқарушы билік айдың күннің аманында апатты жағдайға жеткен бұл үйге қатысты әзірге ешқандай шара қолданбаған. |
Количество показов: 2009
Дата создания: 28.05.2013 18:13:49