Хромтауда жаңа наубайхана ашылды
Хромтау қаласында жаңадан ашылған бұл наубайхананы "Еуразиялық банк" қаржыландырып отыр. Наубайхана "Спецстроймонтаж" ЖШС-нің құрамына кіреді. Бұрынғы "Ақтөбе нан өнімдері комбинатының" орнына пайда болған шағын ұжымның құрамында наубайхана, макарон шығаратын цех, кең астық қоймасы, ұн диірмені бар. Толықтай заманауи құрылғылармен жабдықталған. Наубайхана қазірдің өзінде ауданды толықтай нан өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқарлы.
Қазір наубайханада тәулігіне 300-500 дана нан өнімдері шығарылады. Болашақта 3 мыңға дейін ұн өнімдерін пісіру жоспарланып отыр. Жаздан бастап түрлі кондитерлік тәттілер аудан халқына ұсынылмақ.
Тұрғындары күн санап өсіп келе жатқан ауданда қазір жаңа наубайхананы қосқанда 5 нан пісіретін орын мен 5 кондитерлік цех бар. Дегенмен бұл наубайханада жаңашылдық көп. Мұндағы өндірілетін макарон өнімдері итальяндық үлгіде дайындалған. Нанды дайындау тәсілдері де өзгеше.
Ресми түрде ашылған наубайхана Хромтау қаласы мен қала маңындағы ауылдардағы ірі және шағын дүкендермен жұмыс істей бастайды. Өндірілген өнімдердің бағасы да қолжетімді. Әрі өнімдер әрқашан халыққа жаңа піскен күйінде ұсынылады.
Количество показов: 1016
Дата создания: 02.03.2020 19:52:32