Хромтауда көп пәтерлі үй өртенді
Хромтауда бүгін түнгі екілер шамасында көп қабатты тұрғын үй өртеніп, 15 адам эвакуацияланды. Оның алтауы бала. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалынның неден шыққаны әзір белгісіз. Оны мамандар анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша төтенше жағдайға қауіпсіздік техникасының сақталмауы себеп болуы мүмкін. Тілсіз жауды ауыздықтауға жарты сағат уақыт кеткен. Өңірімізде тұрғын үй секторларында өрт азаяр емес. Дені тұрғындардың салғырттығынан,-дейді төтеншеліктер. Газға тамақ қойып, ұмытып кету, үйдің ішінде темекі тарту, электр сымдарындаңы ақау-мұның барлығы қайғылы оқиғаға әкеледі. Осы орайда құтқарушылар қала тұрғындарына тұрмыстағы электр сымдарына, техника тоқтарына аса мұқият болуды ескертеді. Темекі тұқылдарын әбден сөндіргенге көз жеткізу керек, кішкентай бала болған үйде сіріңкені қол жетпейтіндей етіп алып қойған абзал. Өрт болған жағдайда бірден 112 немесе 101 нөмірлеріне хабарласыңыз. Өңірімізде жыл басынан бері 281 өрт оқиғасы тіркелген. Оның ішінде адам өліміне әкелген жағдайлар да бар. Биыл өрттен 8 адам қаза тауып, 7 адам жарақаттар алды. Ал тілсіз жаудың шығыны болса - 118 миллион 752 мың теңгені құрап отыр.Количество показов: 306
Дата создания: 23.07.2024 05:47:05