Хромтау коронавирустың таралуы бойынша "сары" аймаққа енді
Облыста кеше коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңа 20 жағдайы тіркелген. Оның 12-інің клиникалық симптомдары бар, ал 8-і - симптомсыз ауру. Олардың барлығы қала мен Мәртөк, Мұғалжар, Алға аудандарынан анықталып отыр. Қазіргі таңда аурушаңдық деңгейі 0,5 %-ға артқан. Үй карантиніне 681 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Сондықтан ақтөбеліктерге бетпердемен қоштасу әлі ерте. Тіпті бас санитар дәрігер карантин талаптары сақталмаса, шектеу шараларын күшейтетінін ескертті. Сондай-ақ, Нұрсұлу Беркімбаева ковид жұқпасының оқушылар арасында анықталу жағдайы жиілегеніне алаңдаушылық білдірді. Осы аптада үш мектеп оқушысы мен мұғалімдердің ағзасынан коронавирус табылған. Төрт оқушы да вирустың симптомды түрімен ауырған. Сыныптастары 14 күндік карантинге жатқызылған. Қаулыға сәйкес, мектептен бір уақытта үш адамнан ковид анықталатын болса, білім ордасы екі аптаға карантинге жабылады. Өңірде әзірге мұндай жағдай болмаған. Өңірде карантин талабы жеңілдетілгенмен күн санап коронавирус жұқтырып, өкпесі қабынған адамдар саны азаймай отыр. Өсім қаладан бөлек Хромтау ауданында байқалады. Монақала сары аймаққа енгізілгелі, жексенбі күні ешбір қызмет көрсету орындары жұмыс істемейді. Ал жұмыс күндері дүкендер мен шағын маркеттер кешкі сегізден кейін жабылады. Хромтаудағы кен орындарының бірі жаппай жұмысшылар вирус жұқтырғандықтан карантинге алынған.
Количество показов: 819
Дата создания: 19.02.2021 18:09:56