Хромтау, Қандыағаш, Шалқар, Шұбарқұдық дамитын қалалар қатарына енгізілді
Өңірлердің дамуына бөлінген қаражатты қалай, қайда жұмсау керектігін жергілікті халықтың өзі шешетін болады. Бүгін облыстық әкімдікте жиын өткізген өңірлік даму комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин осылай деді. Астаналық мейман облыс активімен кездесіп, аймақтарды дамытудың жеті бағытын талқылады. Ақтөбе қаласы Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларының қатарында "қалалық агломерацияларды дамыту" жобасына енді. Нақ осы қалалар жақын болашақта инвестициялар мен инновацияларды тартатын, ғылыми, мәдени және туристік орталықтар болады. Ақтөбе соның ішінде индустриялдық, көліктік-логистикалық салаға мамандандандырылып жатыр. Оның айналасындағы бір жарым сағаттық қашықтықтағы елді-мекендер: Алға, Хромтау, Қандығаш қалалары агломерацияға кіреді. Сәйкесінше, олар да дамиды. Өңірлік даму комитетінің төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, биыл моноқалаларды дамыту бағдарламасына 6 миллиард теңге бөлінген. Соның 100 миллионы Хромтау қаласына тиесілі. Хромтаудың хромға тәуелдігін азайту үшін 2013 жылы қалада шағын және орта бизнесті қолдау күшейеді. Бос тұрған ғимараттар бұзылып, орнына шағын өндіріс орындары тұрғызылады. Өңірдегі ірі тірек елді-мекендер анықталып, "Өңірлерді дамыту" бағдарламасының шеңберінде оларға инженерлік желілер тартылады. Мұндай тірек елді-мекендер жақын маңдағы шағын ауылдардың мәдени - спорттық орталығына айналады. Өңірлердің дамуына биыл 110 миллиард теңге қарастырылған. Өңірлік даму комитеті Ақтөбеде 27 миллиард теңгенің бірнеше жобасын қолдап отыр. Бұл қаражатқа қазір Шұбарқұдық елді-мекенінде жылу жүйелері қалпына келтіріліп жатыр. Қандыағаш қаласындағы құбырлар қолға алынды. Келесі жылы Алғадағы орталық қазандық жаңартылып, Шалқарда жылу желілері жөнделеді. Коммуналдық-инженерлік жүйелер мен жолдарды жаңартудан бөлек, өңірлік даму комитеті жұмыспен қамтуды және "Дипломмен ауылға" жобаларын да қаржыландырады. Жастарды ауылға тарту үшін 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме ақы және тұрғын үй сомасының көлемінде несие беріледі. Қаржының мақсатты жерге жұмсалуы сол елді-мекеннің халқы мен басшыларына байланысты, деді өңірлік даму комитетінің төрағасы. |
Количество показов: 3085
Дата создания: 17.09.2012 19:36:49