Кәсіпкерлер POS-терминал орнатуға қарсы
Ақтөбелік кәсіпкерлер карточка арқылы төлем қабылдайтын POS-терминалдарды орнатуға асығар емес. Бұл проблема бүгін салық департаментінде өткен жиында қызу талқыға түсті. Ірі сауда орындары болмаса, Ақтөбеде шағын дүкендер мен кішігірім қызмет көрсету мекемелерінде POS-терминал құрылғысына қажеттілік жоқ. Бір нан сатып алу үшін дүкенге келген ақтөбеліктің төлем карточкасын пайдалануы екіталай. Дегенмен, үкімет 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап, салық төлеуші барлық кәсіпкерлерге өз нысандарында POS-терминалды қондыруды міндеттеп отыр. Кәсіпкерлер үкімет бұл тұрғыда шешімді ерте қабылдаған деп есептейді. Халықта төлем карточкалары бар, бірақ, оны пайдалану мәдениеті біздің қоғамда дами қоймаған. Қолма-қол ақшасыз есептесетіндер көп емес. Құрылғының құны - 62-65 мың теңге. Терминалдың қызметі үшін ай сайын ұсталатын банк комиссиясы тағы бар. Ал, телефон байланысы нашар шалғай ауылдарда POS-терминалдың қызметін пайдалану тіпті мүмкін емес. Осының бәрі реттелмейінше қондырғыны қоюды талап ету дұрыс емес, дейді бизнес иелері. Қазір біздің облыста 3 мың 800-дей кәсіпкерлік нысан бар. 2 мың 700-і қалада. 86-сы төлем карточкаларын қабылдайтын шағын терминалды орнатып қойған. 544-нің арызы банкте қаралуда. Мыңнан астамы құрылғыны қондыруға асықпайды. Бүгін кәсіпкерлерге тура алты ай уақыт берілді. Жаңа жылға дейін талапты орындамаған жеке тұлғалар 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал заңды тұлғалар 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Ережені елемеген кәсіпкерлердің ісі терминалды қондырмайынша тоқтатылады. Осылайша, мамандар көлеңкелі экономиканың жолын кесеміз дейді. |
Количество показов: 2168
Дата создания: 27.06.2013 18:43:03