Кәсіпкерлер көгалдандыру жұмысына жұмылдырылды
Қала ластанған ауадан тұншығып тұр. Бұған- көктің аздығы, көліктің көптігі де- себеп. Олқылықтың орнын толтыру үшін әрбір кәсіпкерлік нысан мен кәсіпорындар өздеріне бекітілген аумақты көгалдандыруы қажет. Мұндай ұсынысты бүгін кәсіпкерлермен өткізген жиын кезінде шаһар басшысы Ерхан Омаров айтты. Тазалықтың екі айлығы жарияланғалы бері, жағдай әлдеқайда түзелді дейді қала әкімінің орынбасары Геннадий Дудаков. Қала әкімдігінің сайтында жарияланған "Қаланың тазалығы өзіңнен басталады" атты акцияға да қала тұрғындары белсенді қатысып жатыр. Екі айлық басталғалы 6 сенбілік, 6 таза бейсенбі акциясы өткен. Оған 94 мың адам жұмылдырылған. Санитарлық тазалықты бұзғандардың 118 суреті дәлел ретінде сайтқа жарияланған. Қала әкімінің қатысуымен өткен жиында санитарлық тазалықтан бөлек елдімекендерді көркейту және көгалдандыру мәселелері талқыланды. Біздегі қуаңшылыққа қарағаштан өзгенің жерсінуі қиын. Көктемгі қураған ағаштарды кесу жұмыстарына түсініспеушілік танытқан қала тұрғындары көп дейді қала әкімінің орынбасары. Қазір олар бүршік жарып, көгеріп келеді деп жұбатты көпшілікті. Бүгінгі жиынға нысандары бас даңғылдағы көпқабатты үйлердің бірінші қабатында орналасқан кәсіпкерлер шақырылды. Оларға бекітілген және іргелес жатқан аумаққа гүл отырғызып, көгал төсеп, күтіп-баптау туралы ұсыныс айтылды. Ғимараттардың қасбеттерін заманауи үлгіде жөндеуге кеңес берілді. Қала әкімі Ерхан Омаров жиын соңында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жасыл екпелерді алу, көгалдарды күту туралы кәсіпкерлерге кеңес беру, ал "Ақбұлақ" АҚ басшылығына суару үшін жеке есептеу құралдарымен қамтамасыз ету міндеттері жүктеді. Алдағы уақытта ғимараттары өзге көшелерде орналасқан кәсіпкерлермен де осындай жиындар өткізілетін болады. |
Количество показов: 2556
Дата создания: 15.05.2013 18:31:37