Көрші облыстан жеткен ұрылар тобы құрықталды
Ауқаттылардың дүние-мүліктерін ұрлаумен айналысып келген топ ұсталды. Өңкей жас қыз-жігіттер ойларын жүзеге асыру үшін қалаға көрші Қызылорда облысынан келіпті. Әбден әккі болып алған ұрылар түнгі жорықтан құр қол қайтпаған. Қала тұрғындарының миллиондарын тонаған. Күдіктілер жорықтарын алдын-ала жоспарлап отырған. Құрбандарын тек ауқаттылардың арасынан таңдаған. Зәулім үйлерді біраз уақыт сыртынан бақылап, үйдің қожайындары болмаған кезде, үптеп, іздерін суытқан. Мысалы, осы айдың ішінде Кірпішті ауылындағы, қаланың Сельмаш ауданындағы коттедждерден екі бірдей құндыз тон, 50 мың АҚШ долларын, "Верту" ұялы телефонын, "Асер" ноутбугын, 7 миллион теңге көлемінде ақшаны қымқырған. Қолды болған заттардың барлығын тәртіп сақшылары пәтерлерін тінту кезінде тәркіледі. Қазір күдіктілердің 8 ұрлық-қарлық оқиғасына қатысы бар екендігі анықталды. Полицейлер тонаушылардың қатысуымен жасалған деректер әлі де анықталатынын жоққа шығармайды. Қазір қылмыстық топтың үстінен ҚК-тің "Аса ірі көлемдегі ұрлық-қарлық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің үшеуіне қала аумағынан кетпеу туралы қолхат берілсе, бесеуі уақытша қамау қапасында отыр. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. |
Количество показов: 2202
Дата создания: 13.09.2012 19:20:00