Кәріз жүйелері жаңартылып жатыр
Үстіміздегі жылы қаламыздың бірқатар аудандарының кәріз жүйіелеріне күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Қазір "Ақбұлақ" АҚ Әбілқайыр хан даңғылы мен Марат Оспанов көшесінің қиылысындағы құбыр желісін жаңартуға кірісті. Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша осы айдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. Бұл ауданның құбыр желісі 1979 жылы іске қосылған. Алайда пайдалану уақыты осыдан 10 жыл бұрын аяқталыпты. Соған қарамастан құбыр халыққа әлі күнге дейін қызмет етіп келеді. Енді тозығы жетіп, әбден ескірген желіні диаметрі 600 мм жаңа полимер құбырлар алмастыратын болады. Жобаны жүзеге асыруға ақбұлақтықтар 137 млн. теңге жұмсамақ. Алмасатын жаңа құбырдың ұзындығы 700 метр. Құрылыс жұмыстары осы ауданның көлік қозғалысына қиындық туғызбайды. Себебі кәріз жүйесін алмастыру кезінде, желі жүріп жатқан Әбілқайыр хан даңғылының бір жолағы мен Оспанов көшесінің бір бөлігі ғана уақытша жабылатын болады. Қаламызда 480 шақырымнан астам кәріз жүйесі бар. Соның көбісі соңғы рет осыдан отыз жыл бұрын алмасқан. Кейбір аудандардың құбыр желілері сол уақыттан бері әлі жөні түзу жөндеу көрмеген. Ондай пайдалану уақыты өтіп, әбден тозығы жетіп ескірген құбырлардың жалпы ұзындығы 206 шақырым. |
Количество показов: 2086
Дата создания: 11.06.2013 18:20:25