Кәріз суына батқан баспана
Олег Кошевой көшесіндегі №115 үй тұрғындары екі айдан бері жертөлеге толған кәріз суының зардабын тартып келеді. Қолқаны қабатын иістен пәтерлер шыбындап кеткен. Шағымданушылар пәтер иелері кооперативінің төрағасын сынға алып отыр. Ал кооператив төрағасы болса кәріз жүйесіне жауапты мекеменің салғырттығынан бес қабатты баспананың шіріп кететін сыңайы бар деп ашулы. Юлия Чуваткино Олег Кошевой көшесіндегі №115 үй тұрғыны. Пәтері үшінші қабатта. Баспананың жертөлесіне толған кәріз суы бүгінгі жаңбырдан соң мүлде асып-тасып жатыр. Пәтердің бұрыш- бұрышына шыбын толған. Тұрғындар жәндіктермен күресіп шаршаған. "Арайлым" ПИК төрағасы Болат Шегенбаевтың айтуынша, жертөледегі құбырларда мін жоқ. Ал "Ақбұлақ" мекемесі күнде тазартып тұруға міндетті мына екі құдық арнасынан тасып жатады. Бар мәселе осында. Шанхай ауданы тұрғындарының бас ауруына айналған құдықтарға тұрғын үй тұсындағы бірнеше мекеменің кәріз суы орталықтандырылған. Сол себепті оны тазартып отыру "Ақбұлақтың" міндетіне кіреді. Тұрғындар бірнеше мәрте сорғылау жұмыстары жүргізілгенін өз көздерімен көріпті. Алайда нәтижесі жоқ. Тұншыққан тұрғындар әбден төзімдерін тауысқан бұл мәселені кәріз жүйесіне жауап беретін кәсіпорын шешіп берер деген үміттерін үзбей отыр. |
Количество показов: 1838
Дата создания: 22.10.2013 20:54:55