Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттен қолдау күтеді
Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар шетелдік ұйымдар бөлген грантты игеріп, олардың ықпалында кетпеуі тиіс. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек. Бүгін облыстық үкіметтік емес ұйымдардың 6-шы конференциясына қатысқан Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов осылай деді. Облыстық әділет департаментіне 355 коммерциялық емес ұйым тіркелген. Олардың 233-і қоғамдық ұйымдар, 107-і қоғамдық қорлар, ал 15-і заңды тұлғалар бірлестігі. Соларлың 100-ге жуығы ғана белсенді жұмыс жасайды. Солардың бірі- Мұғалжар ауданында құрылған "Жастар" патриоттық клубы. Жас ұйымның мақсаты-айқын. Аудандағы тәртібі нашар кәмелетке толмағандарды спортқа баулу, дұрыс жолға түсіру. Клуб төрағасы Жандос Табылғановтың айтуынша, бүгінде аудандық ішкі істер бөлімінің тіркеуінде тәртібі қиын 47 бала тұр. Үкіметтік емес ұйымдар туралы тұрғындар не біледі? Әлеуметтік зерттеу жұмыстарының нәтижелері көрсеткендей, облыс тұрғындарының 46 пайызы ҮЕҰ-дың көмегіне жүгінген. Бұл өңірдегі азаматтық институттардың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Алайда, бұл көрсеткішпен тоқталып қалмау керек, әлі де ойланатын тұстары бар, деп есептейді Нұрлан Ерімбетов. Конференцияға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, баяндама жасады. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 100-ден астам жобаны жүзеге асыру үшін облыстық қазынадан 163 миллион теңгеден астам, ал республикалық бюджеттен 25 миллионнан көп қаржы бөлінген. Жиын соңында қарашада Астанада өтетін VI Азаматтық Форумға делегаттар сайланды. |
Количество показов: 2567
Дата создания: 22.10.2013 20:56:37