Көкөніс құны шарықтап тұр
Ақтөбеліктерді арзан көкөніспен қамту мақсатында қаламызда қыруар қаржыға бірнеше жылыжай кешендері салынған болатын. Алайда соған қарамастан көкөністің қара базардағы қақына қарапайым қала тұрғындарының шама-шарқы жетер емес. Бұған бүгін орталық базарда болып қайтқан біздің түсіру тобымыздың да көзі жетті. Базардағы бағаның өсімі барлық азық-түлік түрлерінде байқалады. Соның ішінде көкөніс өнімдері өткен айлармен салыстырғанда біршама қымбаттаған. Мәселен қырыққабаттың келісі 100 теңгеге жетсе, картоптың әр келісі 170 теңгеден саудалануда. Ал қара өріктің қара базардағы қазіргі қақы 500 теңге көлемінде. Бұл көпшілік жиі бас сұғатын орталық базардағы баға. Қып-қызыл қымбатшылық қызанақ бағасында да байқалады. Ақтөбеде қызанақ өсіретін арнайы кешен бар. Билік өкілдерінің айтуынша мұнда өсірілетін қызанақ өнімдері қала сұранысын қолжетімді бағада толық қамтуы тиіс. Алайда соған қарамастан көкөністің бұл түрі қаламызға көршілес Қытай елінен жеткізілуде. Сатушылар бағаның бұлай шарықтауын жол-көлік шығындарының өсуімен түсіндіреді. Қала базарларында қазір келісі 120 теңгеден қарбыздар саудалануда. Көкөністің бұл түрі Ақтөбеге еліміздің оңтүстігінен жеткізілуде. Алайда қалалықтар тарапынан қарбызға қызығушылық әзірге байқалмайды. |
Количество показов: 2015
Дата создания: 17.06.2013 18:17:55