II Халықаралық "Ұлы мұра" өнер байқауы мәресіне жетті
II Халықаралық "Ұлы мұра" өнер байқауы бүгін мәресіне жетті. Франция, Қытай елдерінің бишілерін мың бұрала билеткен, Украин, Беларусь өнерпаздарына Ақтөбе сахнасында ән салдырған ауқымды фестиваль біздің өңірде алғаш рет өтті. Алыс-жақын шет елдердегі қазақ диаспораларының өкілдерін жинаған өнер фестивалінің соңы - Гала концерт бүгін Достық үйінде өтті. Өрімдей төрт қыздың анасы Алтынай Бисембаева тарихи отанына келіп ән салғанына разы. Қаракөз қазақ қызы Ресейдің Челябинск қаласында дүниеге келген. Сол жерде тұрып жатыр. Өзі ашқан үйірмеде вокалдан сабақ береді. Тілек білдіргендерге қазақтың ұлттық әндерін үйретеді. Сұраныс болса эстрадалық әндер бойынша да ұстаздық етеді. Айтуынша, сырт мемлекеттерде өмір сүруші қазақтар ана тіліне шорқақ болғанымен, салт-дәстүрді сақтап қалған. Өзі де қазақша нашар тіл сындырғанымен , ән салуда мүдірмеді. "Ұлы мұра" өнер фестиваліне қатысушыларды іріктеу мамыр айында басталған. Ән, би, сәндік -қолданбалы өнер номинациялары бойынша. Фестивальге көрші мемлекеттер Қытай, Ресей, Қырғызстан мен сонау Маңғолия, Беларусь, Франция, Украина елдерінен өнерпаздар келді. Қатысушылар өнерлерін ортаға салуға тырысып-ақ баққан. Фестиваль соңында шет елдегі қазақ мәдени орталықтарының жетекшілеріне алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар табысталды. Байқау қорытындысы бойынша вокал және би жанрларының бас жүлделері қытайлық қазақ диаспорасы өкілдеріне, қырғызстандық "Жаш канат" би ансамбліне бұйырды. Ат терлетіп келген Франция елінің бишілері үшінші орынды еншіледі. |
Количество показов: 2386
Дата создания: 06.09.2013 18:46:52