Газ иісінен абай болыңыз!
Ақтөбеде көгілдір отын тұтынатын 99 мың тұрғынның арасында жылына 2500 үй иесі талапты бұзады. Бұл көрсеткіш мамандардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Бүгін "ҚазТранс Газ Аймақ" АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының өкілдері қауіпсіздік айлығы шеңберінде бірнеше мекен- жайды аралап өтті. Үй иелеріне қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Қыркүйектің онынан басталған акция әлі жалғасуда. Газ қызметкерлері үшін кедергілер де жоқ емес. Кей тұрғындар есігін ашпайды. Дегенмен мамандардың жұмысына түсіністікпен қарайтындар аз емес. Бүгін Жүргенов көшесіндегі №75 "А" үйге техникалық тексеру жүргізілді. Газ қондырғысының қыр-сырын білетін мамандар әр тетігін бөлшектеп, тексеріп, тазалап берді. Жарты сағат уақыттың ішінде техникалық бақылау жасап, үй иесіне қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Дерекке сүйенсек, облыс бойынша 157 мың, ал қала бойынша 9900 тұтынушы жауапты мекеменің назарында. Жылына қауіпсіздікке салғырт 2500 үй қожайыны ескерту қағаздарын алған. Ал үйіңізден газ иісі шығып қауіптенсеңіз, "104" нөміріне хабарласыңыз. Тәулік бойы қалтқысыз қызмет етуге міндетті мамандарды демалыс күндері де шақыртуға болады. |
Количество показов: 2103
Дата создания: 23.09.2013 19:02:26