Галиб Джафаровтың жүлдесі сарапқа салынады
Бүгін Ақтөбеде 15-16 жастағы жасөспірімдер арасында бокстан 4-ші халықаралық турнир жалауын желбіретті. Сенбіге дейін созылатын байрақты бәсекеде былғары қолғап шеберлері бокстан Азия және Әлем чемпионы, атақты спортшы Галиб Джафаровтың жүлдесін сарапқа салады.
Жерлесіміз, аты әлемге әйгілі боксшы Галиб Джафаров атындағы турнир біздің қалада осымен төртінші жыл өткізіліп келеді. Былтыр оған қазақ жастарымен бірге Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан боксшылары қатысқан еді. Бұл жолы халықаралық додаға көрші елдерден тек өзбектер мен Әзірбайжан Республикасының құрамасы келген. Ақтөбе облысының аға жаттықтырушысы Талғат Жүсіповтың айтуынша, шетелдік қонақтар турнирге ең мықты деген боксшыларын қосқан. Соған қарамастан, қатарында 30-дан астам жас боксшысы бар біздің облыстың құрамасы Галибтың жүлдесін қалай да елде қалдыруы тиіс. Бүгін жасөспірімдер алдын-ала жекпе-жекке түсті. Алматы облысы құрамасының боксшысы Әлібек Тұртаев әзірбайжандық спортшымен қолғап түйістірді. Шаршы алаңдағы айқас 8-2 есебімен Әлібектің жеңісімен аяқталды. 15-16 жастағы жігіттер ертең де іріктеуден өтеді. Жеңгендері ширек финалда, одан әрі жартылай финалда кездеседі. 14 салмақ санаты бойынша жұдырықтасатын жасөспірімдердің ең үздіктерін сенбі күні ақтық сын күтіп тұр. Галиб Джафаровтың жүлдесіне арналған турнирге боксшының өзі, сондай-ақ, 30-шы Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев пен кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Марат Мәзімбаев келеді деп күтілген еді. Алайда, мәртебелі меймандар турнирдің жабылу салтанатына қатысу үшін Ақтөбеге сенбі күні ат басын тірейді.
|
Количество показов: 2107
Дата создания: 17.04.2013 18:47:16