Ерлердің денсаулығы құлдырап барады
Ер адамдарға тән аурулар ахуалы Қазақстанда да күрделі. Ер азаматтар емханалардан бойын аулақ ұстайды. Бұл дерттің алдын алуға кедергі. Одан қалды елде уролог, андролог мамандар жетіспейді. Бүгінгі таңда қазақстандық ерлерді түрлі ауруларға қатысты ақпараттандыру, дәрігер-мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары қолға алынған. Осының шеңберіндегі шараның бірі Ақтөбеде де өтіп жатыр. Елдің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев бастаған ер азаматтар денсаулығы жөніндегі отандық дәрігер-мамандар, Ресейдің танымал академик, профессорлары Ақтөбеде. Бүгін олар денсаулық сабағын өткізіп жатыр. Шара екі күнге жалғасады. ТМД-дағы жоғары білікті медицина қызметкерлерінің дәрісін тыңдауға дәрігерлер бүтін Батыс Қазақстаннан жиналған. Урологтармен қатар терапевт, эндокринолог, хирургтар да қатысып жатыр. Облыста созылмалы простатитке шалдыққан екі мың азамат тіркеуде тұр. Белсіздік ауруына шалдыққан 800 адам есепке алынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші ерлерде әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен. 75 жастан кейін ерлердің рак ауруынан көз жұму қаупі 2 есе көп. Тіпті шараналар арасында да қыз балаларға қарағанда ұлдардың шетінеп кетуі 3 есе жоғары. Ал ерлердің дертінің алдын алуға ер азаматтардың өздері кедергі. Әйелдерге қарағанда ер адамдар емханаға 3 есе сирек қаралады. Елдің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев облыстық ұлттық қауіпсіздік департаменті, қаржы полициясы қызметкерлері арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізген. Үгіт-насихат шаралары ер азаматтары көп ұжымдарда жалғасатын болады. |
Количество показов: 2379
Дата создания: 15.05.2013 18:29:12