Ереже бұзғандарға жаза күшейеді
Биыл жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер енгізілмек. Алайда, осыған қарамастан көлік апатына ұшырап, жарақат алғандар саны жыл сайын артпаса кемитін түрі көрінбейді. Биылдың өзінде облысымызда 94 адам жол апатынан көз жұмған. Облыстық жедел жәрдем ауруханасының жарақат бөліміне жылына 2,5 мыңға жуық сырқат түседі. Оның 5 пайызға жуығы жол-көлік апатына ұшырағандар. Дәрігерлердің айтуынша бұл топтағы жандардың 30 пайызға жуығының өміріне араша түсу мүмкін емес. Себебі мұндай науқастар алған ауыр жарақаттарынан бөлімшеге өлім мен өмірдің арасында жеткізіледі. Сондай-ақ ішімдікке сылқия тойып, өз өміріне өздері қатер төндіріп жататын жерлестеріміз де аз емес. Дәрігерлер жол-көлік апатына ұшырағандардың бірқатары кейін алған жарақаттарынан айыға алмай мүгедек атанып жататынын да жасырмады. Себебі көлік апатына ұшырағандардың алатын жарақаттары да ауыр, тұрмыстық жарақаттарға қарағанда. Сондай-ақ соңғы жылдары көлік жылдамдығы мен жол сапасының артуына байланысты жарақаттардың ауырлық деңгейі де жоғарылаған. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында жол қозғалысы ережелеріне қатысты заңнаманы күшейту мәселесі Парламент Мәжілісінде қаралмақ. Еліміздің жол полициясы комитетінің басқарма бастығы Қанат Садуақасовтың айтуынша бұл өзгерістер әсіресе жол ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге қатысты. Егер заң халық қалаулылары тарапынан қолдау тапса ондай тәртіп бұзушыларға қолданылатын шара мен айыппұл көлемі де жоғары болмақ. Қазақстанда жыл басынан бері 11 мыңнан астам жол көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2 300 адам көз жұмған. |
Количество показов: 2191
Дата создания: 13.11.2012 18:54:07