Ер есімі - ел есінде
Батырлар тек соғыста танылады деу- бекер. Бейбіт күні оққа ұшып, ерлік жасағандар- жетерлік. Кеше Отан қорғаушылардың төл мерекесінде қызметтік міндетін атқарып жүріп, оққа ұшқан тәртіп сақшыларын еске алу шарасы өтті. ҚР тұңғыш президенті атындағы саябақтағы жиынға марқұмдардың ата-аналары, отбасылары, туған-туысқандары қатысты. Нұрболат Серғалиев, Ержан Бердешев, Нұрлан Алпысбай, Айдос Боранбаев, Руслан Жолдыбаев, Айболат Иманбаев, Рустем Кенжалин, Темірбек Жақсылықбаев. Олар- құқық қорғау, арнаулы қызмет, қарулы күштер сияқты шұғыл да қауіпті тапсырмалар жүзеге асырылатын салаларда қызметте жүріп, арнайы операцияларды орындау барысында өмірін қиған тәртіп сақшылары. Саябақтағы жиынға жиналғандар есіл ерлерді тік тұрып, үнсіз еске алды. Атпалдай азаматынан айрылған жар, әкесінен көз жазып қалған ұл мен қыз, ұлын жоқтап жүрген ата-ана көз жасына ерік берді. 2011 жылдың жаз маусымы өңір үшін оңайға соққан жоқ. Бірінші шілде қарсаңында Темір аудандық ішкі істер бөлімінің полиция бекетіне шетелдік көлікпен келген белгісіз адамдардың кезенген қаруынан тәртіп сақшылары Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаев қаза табады. Полиция қызметкері Руслан Жолдыбаев та бетпе-бет ұрыста оққа ұшады. Кейінірек полиция майоры Айболат Иманбаев та қарулас жолдастарының жолын құшады. Сол жылы тамызда "Жаңажол" саяжай ұжымында лаңкестік топты құрықтау кезінде полиция капитаны 28 жастағы Рүстем Кенжалин де опат болған еді. Саябақта қалалық ішкі саясат бөлімі және "Жастар-қазына" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен патриоттық акцияға қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева қатысты. Ол ішкі істер қызметкерлерінің өздерінің азаматтық және қызметтік парыздарын адалдықпен орындап, қауіпті сәтте қаһармандық көрсеткенін, олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін баса айтты. |
Количество показов: 2675
Дата создания: 08.05.2013 19:23:22