Елде иммундау апталығы басталды
Облыста 1000-ға жуық ата-ана баласына жұқпалы ауруларға қарсы екпе салғызудан бас тартып отыр. Бірі вакцинаның денсаулыққа теріс ықпалы бар десе, бірінің жеке діни көзқарасы кедергі болып тұр. Қалай болғанда да бүгінде ақыры адам өліміне әкеп соғатын инфекция түрлерін жеңетін бірден бір құрал иммунизация. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мұрындық болуымен бүгін бүтін елде иммундау апталығы бастау алды. Тұрғылықты мекен-жайына қарамастан қала тұрғындары кез-келген емханада тегін егіледі. Иммунизациямен сондай-ақ сырт елден келген, тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдар да қамтылады. Ақпараттық-ағарту жұмыстары да жүргізіледі. 1000-ға жуық ақтөбелік ата-ана баласына ине салдырудан бас тартып отыр. Тіпті туғалы вакцина алып көрмеген сәбилер бар. Бірақ, облыстың денсаулық сақтау саласы өкілдері бұл ретте оптимистік көзқарас танытып отыр. Былтырғымен салыстырғанда жағдай түзеле бастағанға ұқсайды. Ата-аналар ақылға келе бастаған. Негізінде екпелерден күдіктенуге себеп бар ма деген сұраққа дәрігерлер вакцина бүгінде жұқпалы дертке қарсы жалғыз қорғаныс деп жауап береді. Тірі вакцина - микробтардың уыттылығын әлсіретіп, ауру тудырғыш қабілетін жою, иммунитет қалыптастыру үшін алынады. Туберкулезге қарсы берілетін БЦЖ вакцинасы ең алғаш адамға егілген тірі вакцина. Өлтірілген вакцинаға қарағанда бұлардың қорғаныш қабілеті жоғары саналады. Тәжірибеде тірі вакцинамен егілген адамның вакцина алып көрмеген адамға ауру жұқтырған жағдайы болған. Вакциналардың бірнеше ауруға қарсы біріктірілген түрлері де бар. Адамдар бұдан да сескенеді. Әйтсе де жыл өткен сайын түрленіп, жаңарып, сапасы артып жатқан екпе түрлерінің адам денсаулығына ешқандай кері әсері жоқ. Дәрігерлер осыны түсіндіруге ниетті. |
Количество показов: 2681
Дата создания: 22.04.2013 18:04:16