Елде 164 адам суға кеткен
Ажалын судан тапқандардың 35 пайызы - ішімдік пайдаланатындар, 48 пайызы -жүзе алмайтындар. Елдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі осындай деректер келтіреді. Алты айдың ішінде республика су қоймаларында 164 адам суға кеткен, оның 29-ы бала. Ал, Ақтөбе облысында алты адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Тұрғындардың суға кетуіне себеп болған басты факторлар ретінде төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко ішімдік ішу мен жүзе алмауды атады. Әліне қарамаған әлектер алысқа жүзіп кетіп, жағаға жете алмай су түбіне кеткен. Нашар малтыған 78 адам осылайша өмірмен қош айтысты. Араққа сылқия тойып, өзенге секірген 57 кісі де ажалын судан тапты. Ересектердің қарауынсыз шомылған 29 бала судан қайтып шыққан жоқ. Жалпы, жыл басынан бері құтқарушылар суға бату қаупі төніп тұрған 349 адамды құтқарып алды, 164-ін аман алып қалу мүмкін болмады. Есеңгіреген күйде су жағасында отырған мына жігітке түске жақын кез болдық. Ащы судан сілтеп алғанға ұқсайды. Демалушы өзенге мас күйінде түсетінін жасырмады. Ақтөбелік құтқарушылар күніне осындай 4-5 "батырды" жағаға шығарамыз дейді. Зардап шеккендер алғыс айтудың орнына жанын сақтаған адамды балағаттайды, тіпті жұдырық алып жүгіретіндері бар. Дегенмен, мамандар халықтың демалу мәдениетінің қалыптасып келе жатқандығын алға тартады. Егер бұрын тұрғындар суға түсуге тыйым салынатындығы жөніндегі ескерту белгілерін жұлып әкететін болса, қазір бұл үрдіс жойылып барады. Суда құтқару қызметі осы жылы су қоймаларының жағасына 50 белгіні орнатқан. Соның жетеуі жоғалып, орнына жаңасы қағылды. Бірақ, сол ескертуге құлақ асатындар әзірге аз. |
Количество показов: 2293
Дата создания: 25.07.2013 18:09:41