Елімізде Біріңғай Ұлттық Зейнетақы Қоры құрылды
Бірінші тамыздан бастап елімізде біріңғай ұлттық зейнетақы қоры құрылды. Қазір жеке қорларды біріктіру жұмыстары жүзеге асуда. Алдымен Біріңғай Ұлттық Зейнетақы қорының құрамына "Грантум", "Ұлар Үміт", "Қазақстан Халық банкі" жинақтаушы қорлары қосылатын болады. Бұрынғы Мемлекеттік Жинақтаушы Зейнетақы Қорының атауы енді Біріңғай Ұлттық Зейнетақы Қоры болып өзгерді. Қазір қордың жаңа ресми атауы әділет министрлігінде арнайы тіркеуден өтуде. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес енді Біріңғай Ұлттық Зейнетақы Қорының басты акционері ҚР Ұлттық Банкі болып табылады, осыған орай оның активтерін басқару құқы да бірінші деңгейлі банктің құзырына беріледі. Сондай-ақ жаңа қордың инвестициялық саясатын анықтайтын арнайы кеңес құрылмақ. Ал кеңес мүшелерінің құрамын ҚР Президенті тағайындайтын болады. Бүгін біз Мемлекеттік Жинақтаушы Зейнетақы Қорының қаламыздағы кеңсесінде болдық. Мұндағы қызметкерлер халыққа күнделікті қалыпта қызмет көрсетуде. Келіп-кетіп жатқан кісі қарасы да аз. Зейнетақы жүйесіндегі жаңа өзгерістерге байланысты біз бүгін қала тұрғындарының пікірін білдік. Ақтөбеліктердің бірі Біріңғай Ұлттық Зейнетақы Қорының қызметін қолдаса, енді бірі жаңа қордың құрылуына мүлде қарсы. Қазір еліміздегі зейнетақы қорларының арасында мәліметтерді салыстыру қызметтері қызу жүруде. Аталған жұмыстар сәтті жүзеге асқан соң ғана жеке қорлардың активтері Біріңғай Ұлттық Зейнетақы Қорының меншігіне беріледі. Әзірге жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының бірде-бірі ресми түрде жабылған жоқ. Дегенмен бірқатар қорлар облыс орталықтарындағы бөлімшелерінің жұмысын тоқтатқан. Осыған орай салымшылардың арасында жылдар бойы жинаған жинақтарының қай қорда қалғанын білмей жүрген жандар жетерлік. Мемлекеттік Жинақтаушы Зейнетақы Қорының қызметкерлері ондай тұлғаларға Халыққа Қызмет Көрсету Орталығына баруға кеңес береді. |
Количество показов: 2597
Дата создания: 09.08.2013 18:46:34