«Екі езуліктер» «Жұлдызды сәт» жобасының финалында
5 миллион теңгеге - бір қадам! Ақтөбелік «Екі езу» сатира театрының жастары елге танымал «Жұлдызды сәт» байқауының ақтық сынына жолдама алды. Жас әртістер жартылай финалда ергежейлілер думанын ұйымдастырып, қазылар алқасын таңқалдыра алған. Алматыдан сүйіншілеп келген өнерлі жастарды бүгін Ақтөбе вокзалында театрдағы әріптестері мен достары қарсы алды. Бұл - «Екі езу» театрының «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырып жатқан «Жұлдызды сәт» таланттар байқауының бастапқы кезеңдерінде көрсеткен өнері. Пантомимо жанрын шебер меңгерген жастар мамырдың 11-де өткен жартылай финалға жаңа нөмір дайындап апарған. Жобаның шарты бойынша, өнерпаздар айтпақ ойды 2 минут ішіне сыйдыруы керек. Театр әртістері бұл жолы да ерекшеленді. Қазылар алқасы 10 үміткердің ішінен екі нөмірді үздік деп танып, "екі езуліктерге" финалға жолдама берді. Қуаныштары қойнына сыймай қыз-жігіттер бүгін Алматыдан Ақтөбеге оралды. "Екі езуліктер" енді финалға тыңғылықты дайындалуы тиіс. Жастар бұл жолы да көрермендерді қайран қалдырамыз деп бекініп отыр. Ақтық сын маусымның 8-де өтеді. "Жұлдызды сәт" байқауының жеңімпазы 5 миллион теңгеге ие болады. «Жұлдызды сәт» қарапайым адамдардың ерекше өнері мен дарынын, күш-қуаты мен талантын дүйім жұртқа паш етуге мүмкіндік беретін жоба. Шетелдік «Біз таланттарды іздейміз» тележобасы әлемнің қырық елінде көрсетіледі. Оның Ресейдегі баламасы «Минута славы» думаны алғаш рет эфирге 2007 жылы шықса, ал қазақстандық нұсқасы осы жылы наурыз айында көрермендерге жол тартты. |
Количество показов: 2855
Дата создания: 14.05.2013 17:38:53