Депутаттық фракция мүшелері есеп берді
"Нұр Отан" партиясының сайлауалды тұғырнамасы қалай орындалып жатыр? Депутаттық фракция мүшелері бүгін атқарған істерінің есебін берді. Атап айтқанда, отырыста үш депутат: Бөгежан Аманбаев, Всеволод Щегельский мен Ғалымжан Латыповтың баяндамасы тыңдалды. Бүгінгі жиында тек билік партиясының қатарындағы депутаттар ғана бас қосты. Алға ауданы, Ключевой сайлау округі атынан сайланған Бөгежан Аманбаев депутаттық мандат алғаннан бері тындырған шаруаларын тізе жөнелді. Аманбаев сайланған округте ауыл халқы басым. Олардың сұрары көп. Депутатпен кездесулер кезінде тұрғындар ауыл жолдарын жөндеуді, мектеп салуды, көшелерді жарықтандыруды, жолаушылар автобусының қозғалысын ретке келтіруді, балабақшалар мен жастарға арналған демалыс орталығын ашуды сұраған. Сайлаушылар депутаттан қала жолдарында көлік қозғалысын қадағалайтын бейнекамераларды көбейтуге ықпал етуді өтінген. Әуежай-12 ықшамаудан-Сазды ауылы бағытындағы айналма жолға сілтеуіш белгісін қоюды сұраған. Халық қалаулысы араласқан соң, жол белгісін орнату "Тазалық" мекемесіне тапсырылды. Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Всеволод Щегельскийдің бастамасымен Әуе қалашығы ауданында "Авиатор" стадионы қалпына келтіріліп жатыр. Онда спорт мектебімен қоса футбол алаңы жасақталады. Депутаттың ықпал етуімен ауданда полиция учаскесі ашылды. №21 үйдің жанынан аялдама жасалды. Аулалар мен жолдарды абаттандыру жұмыстары қазір Мәскеу, 11,12 аудандарда жүргізілуде. Депутаттық фракция мүшелерінің отырысында сыбайлас жемқорлықпен күрес жайы да сөз болды. Пара алудан қаладағы мемлекеттік қызметкерлер көш бастап тұр. Жарты жылда 36 дерек тіркелген. Ырғыздық шенеуніктер тоғыз рет, алғалық басшылар жеті рет "жемқорлыққа" жол берген. Мемлекеттік ведомстволарды алып қарағанда, ішкі істер департаментінде пара алғандар көп - 14 адам. Екінші сатыда - білім басқармасы. Жұмыспен қамту басқармасы 8 дерекпен үштікті тұйықтап тұр. Бұл мәліметтерді депутат Бөгежан Аманбаев келтірді. |
Количество показов: 2531
Дата создания: 27.08.2013 18:34:59