Депутаттар "Нұр Ақтөбе" ауданын аралады
"Нұр Ақтөбе" ауданының құрылысы қай деңгейде? Бүгін қалалық мәслихаттың депутаттары қала шетінде бой көтерген жаңа ауданда болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Халық қалаулылары сәуірдің бесі күні өтетін мәслихат сессиясында "Қол жетімді баспана -2020" бағдарламасының Ақтөбеде жүзеге асырылуы туралы мәселені талқыға салмақ. Депутаттар мақтауын асырған тұрғын үйлердің сыртқы келбеті осы. Алыстан көзге түседі. Ақтөбедегі өзге баспаналардың кейпінен бөлектеу. Тоғыз қабатты, 12 блокты екі үй дайын. Пәтерлер иелерін күтіп тұр. Әзірге сапасынан мін тауып жатқан ешкім жоқ. Жазда иелеріне тапсырылады деп күтіліп отырған 607 пәтердің 57-сі қалалық тұрғын үй қорында кезекте тұрғандарға берілмек. Мұндай коммуналдық пәтерлер үйдің алғашқы үш этажынан бөлінген. Қалғандары "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" салымшыларына тиесілі. Жер кебісімен үйлердің маңайын абаттандыру жұмыстары басталады. Жазда тұрғындар қоныстануы тиіс. Сапаға қатысты мәселелер халық орналасқан соң туындауы мүмкін екенін халық қалаулылары жасырмады. Келесі жұмада "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасының Ақтөбеде жүзеге асырылу барысын талқылағалы отырған депутаттарға қағаз жүзінде "Ақтөбе-сити", халық аузында "Нұр Ақтөбе" атанып кеткен жаңа құрылыс алаңы көрнекілік рөлін атқармақ. Көрген-білген, көкейге түйгендерін ортаға салатын халық қалаулылары бүгін бірде-бір сын айтпай тарқасты. |
Количество показов: 2471
Дата создания: 29.03.2013 18:40:40