Депутаттар бюджетті талқылады
Күн тәртібінде қаралған кезекті "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы сессия жұмысына қатысушылар арасында қызу талқыға түсті. Бұл бағдарлама арқылы былтыр 43 мың ақтөбелік қысқа және ұзақ мерзімді курстарда білім алған. Ол үшін републикалық қазынадан 11 млрд теңге қаржы жұмсалған. Қаланың өзінде 2900 жас тоғыз орта және арнаулы оқу орындарында 31 мамандық бойынша үш ай білім алған. Білім алушылардың 84 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Қалған 305 адам қандай да бір себептерімен ұсынылған жұмыстарды істеуге құлықсыздық танытқан. Депутаттар бағдарламаға бөлінген көп қаржының мақсатты, тиімді жұмсалғанына күмән келтірді. Облыстық бюджеттен биыл қаражат сондай-ақ, "Бизнес-Бастау" бағдарламасына көбірек бөлінеді. Бұрын кәсібін енді бастап жатқан жас бизнесмендерге қайтарымсыз 100 айлықтық есептік көрсеткіш көлемінде субсидия берілетін болса, бұл қаражат енді екі есеге өсті. Былтыр бағдарлама арқылы 600-ге жуық ақтөбелік 248 млн теңге көлемінде ақша алған. Алдағы жылда аймақта шығындар үшін бөлінген қаржы 5 млрд 870 млн теңгеден асады. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік нысандар салуға, білім, денсаулық, жұмыспен қамту, мамандар даярлауға жұмсалмақ.
Количество показов: 915
Дата создания: 26.02.2020 19:03:08