Дұрыс өткізілмеген тендер мүгедек балаларды нәтижелі емнен айырды
Мемлекеттік тапсырысқа жарияланған байқаулар, тендерлердің өткізілу тәртібі әлі күнге дейін бұзылады. Осындай келеңсіздіктің зардабын қазір мүгедек балаларға емдік көмек беретін жеке медициналық мекеме тартып отыр. "Жайна" жеке кәсіпорны "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" ММ өткізген тендерге қатысқан. Бірақ, тексеру барысында анықталған бірнеше себептермен тендер қорытындысы жарамсыз деп танылды. Бұл туралы бүгін қаржылық бақылау инспекциясы мәлім етті. "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" ММ-і өткізген тендерге қатысқан кәсіпорындардың бірі "Жайна" жеке медициналық мекемесі. 10 миллион теңге шамасында тендерді ұтып алған субъект талапқа сай жарты жыл уақыт бойы мүмкіндігі шектеулі ақтөбеліктерге тегін көмек көрсетуі тиіс болатын. Бірақ, мекеме жұмысын бастамай жатып, қызметтерін тоқтату туралы хаттама алды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жағдайды түсіндіріп жатуды қажет деп санамаған. Тендерге қатысушыларға заңсыз біліктілік талабының қойылуы мен байқауға қатысуға ұсыныс түсіру мерзімінің сақталмауы тендер қорытындысын жарамсыз деп тануға жеткілікті. Мамай Байдуллиннің сөзінше, байқау қорытындысы жарамсыз деп танылған соң 15 күн ішінде тендер қайта өткізіліп болуы тиіс. Ал мына жағдайға жауапты тұлғаға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 173 мың теңге айыппұл салынды. Бұл ретте жауапкершілік бір қызметкерге ғана артылып отыр. Кей жағдайда байқау комиссиясының барлық мүшесі әкімшілік жауапқа тартылады. Осылайша заң жүзінде барлық олқылықтар реттелді дегенмен екі ортада сенделген жеке медициналық мекеме және оның тегін қызметіне қатты мұқтаж мүгедектер жайы сол күйі қала бермек. |
Количество показов: 2003
Дата создания: 21.05.2013 18:50:24