ҰБТ тапсырылатын пункттерде дайындық жүруде
Екі күннен соң елде мектеп бітірушілер үшін ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Біздің қаладағы үш жоғары оқу орны базасында жасақталған пункттерде сынақ маусымның үші, бесі және жетісінде тапсырылады. ҰБТ кезінде оқушылар тестілеуге кірместен бұрын, осындай жақтаудан өтіп, тексеріледі. Институтқа металл іздегіш қондырғының екеуі Ақтөбе әуежайынан әкелінген. Біреуі сатып алынды. Бұл қондырғы темір мен ұялы телефонның толқындарын бірден сезеді. Институт өкілі телефонды алдымен шұлығына, кейін кіндігіне, және қолтығына тығып алып өтпек болды. Бірақ, ақылды қондырғыны алдау мүмкін емес. Пункт жетекшісі Жасұлан Тұрсынбаевтың айтуынша, оқушы телефон немесе өзге де көмекші құралды алып өткен күннің өзінде оны пайдалана алмайды. Өйткені, биыл дәрісханаларда, дәліздерде де кезекшілік ететін - министрліктен келетін өкілдер. Институтқа Білім және ғылым министрі 12 адамды бекіткен. Педагогикалық институтта ұлттық бірыңғай тестілеу маусымның үші мен бесі күндері өтеді. Бірінші лекпен Мәртөк ауданы, Алға балалар үйі, Есет батыр атындағы полиция мектебі мен "Сымбат", "Шаңырақ" секілді жеке мектептердің түлектері - барлығы 417 бала емтихан тапсырады. Ал, бесінші маусым күні бұл сынақтан облыстық мамандандарылған физика-математика мектеп-интернаты, Мақсұт Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты мен 11-12 ықшам ауданда орналасқан мектептердің оқушылары - 486 талапкер өтеді. Қазір ҰБТ-ны өткізуден мемлекеттік комиссия мүшелері №51 мектеп-гимназиясы оқушысының мәселесіне бас қатырып жатыр. Бойжеткеннің жүрегіне имплантант жасалған. Ата-анасы талапкер оқшау бөлмеде тест тапсырсын деп өтініш жазған. ҰБТ өткізу пункттері облыстың 9 аудан орталығы мен қаладағы үш жоғары оқу орнында ашылады. Қ.Жұбанов атындағы АМУ-де тестілеу маусымның 3 мен 5 күндері, ал М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде маусымның жетісінде өтеді. |
Количество показов: 2348
Дата создания: 30.05.2013 18:14:35