ҰБТ-ның жаңа ережелері бекітілді
Биыл ұлттық бірыңғай тест тапсырылатын барлық пункттерде жақтаулы металл іздегіштер орнатылады. Ал, дәрісханалар мен дәліздерде бұрынғыдай мектеп мұғалімдері емес, Білім және ғылым министрі тағайындаған, өзге қалалардан келген министрлік өкілдері кезекшілік ететін болады. Бұл туралы бүгін Ақтөбе облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Әкімгерей Көшербаев хабарлады. Бір жыл кітаптан бас алмай, тестілеуге дайындалған 11-сынып оқушылары қазір қысқа мерзімдік демалыста жүр десек те болады. Ұлдар үш күндік оқу-жаттығу жиындарына аттанды, қыздар жағы алғашқы медициналық көмек көрсетудің әдіс-тәсілдерін меңгеріп жатыр. №2 орта мектептің оқушысы Әйгерім Ғабдрахманова тестілеуге әзірлікті тоқтатқан емес. Ол білім сынағына репетиторсыз, өз бетімен дайындалуда. "Алтын белгіден" үмітті бойжеткен үшін әзірге Қазақстан тарихы және география пәндері қиындау болып тұр. Облыста осы жылы 5 мың 164 оқушы ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Науқан маусымның 5-15 күндері аралығында өтеді. Ақтөбелік түлектердің емтиханды нақты қай күндері тапсыратыны әлі бекітілген жоқ. Ақтөбе облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің мамандары бүгін білім сынағын өткізудің тәртібімен таныстырды. Биыл ҰБТ өткізілетін барлық нысандарда былтырғыдай бейнебақылау камералары орнатылып, ұялы байланыс телефондарының сигналын басатын қондырғылар қойылады. Ал, оқушылардың үсті-басын тінтімеу үшін жақтаулы металл іздегіштер орнатылады. Оның үстіне, оқушылардың сынаққа тыйым салынған заттарды алып кіруіне сол мектептің техникалық хатшысы жауап беретін болады. Тестілеудің шектік балы өзгерген жоқ. Ұлттық мәртебесі бар оқу орындарына түсу үшін талапкер 70-тен жоғары балл жинауы тиіс. Білім беру, ауыл шаруашылығы және мал дәрігерлік мамандықтарын таңдағандар 60 балл алса, жеткілікті. Тест өткізуге 3 жарым сағат бөлінеді. Бес пән, 125 тапсырма. ҰБТ қайта тапсырылмайды. |
Количество показов: 5759
Дата создания: 14.05.2013 17:41:39